Қымбат ойыншық па, әлде пайдалы техника ма: ТЖМ-да Tesla Cybertruck қалай қолданылады?
ТЖМ қажеттіліктері үшін Tesla Cybertruck сатып алу Қазақстанда қызу пікірталас тудырды. Бірі бұл электрпикапты қымбат ойыншық десе, енді бірі құтқарушылар үшін перспективалы құрал деп атады. Дегенмен Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаевтың айтуынша, Tesla Cybertruck түрлі төтенше жағдайға шығу кезінде өзін ақтады.
Tengri Auto тілшісі электрпикаптың іс жүзінде өзін қалай көрсеткенін және ол қай жерлерде қолданылғанын анықтады.
ТЖМ мәліметінше, Tesla Cybertruck қызметке кіріскен сәттен бастап төтенше жағдайлар мен түрлі қызметтік іс-шараға 30-дан астам рет тартылған.
"Автокөлік таулы аймақтарда, соның ішінде Алматы аумағы мен іргелес таулы жерлерде қолданылады, онда іздестіру-құтқару операцияларының ең көп саны тіркеледі", - деп атап өтті ведомстводан.
ТЖМ Cybertruck бірнеше практикалық операцияға, соның ішінде таулы жерлерден туристерді эвакуациялауға қатысып үлгергенін атап өтті.
"Бұл мамандандырылған автокөлікті биік таулы жағдайда және қараңғыда пайдалану оның тиімділігін көрсетті: жедел қызметтердің жету уақытын қысқартып, оқиға орнында штаб ретінде жұмыс істеуге, сондай-ақ зардап шеккендердің геолокациясын дәл анықтауға мүмкіндік берді",- деп жауап берді ТЖМ.
Фото: gov.kz
Cybertruck-ті күтіп ұстау қанша тұрады?
Біздің құтқарушылар Cybertruck-пен 1388 шақырым жүріп үлгерген. ТЖМ оны күтіп ұстау шығындары қуаты жағынан ұқсас іштен жанатын қозғалтқышы (ІЖҚ) бар пикапқа қарағанда арзанырақ болуы мүмкін екенін атап өтті.
"Дәстүрлі отынның орнына электр энергиясын пайдалану, шығыс материалдарының аздығы және қозғалтқыш майы мен оталдыру білтелерін ауыстыру сияқты регламенттік жұмыстардың қажет еместігі пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік береді",- деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ министрлік автокөліктің техникалық қолдауы мен кепілдікті қызмет көрсетуі бар екенін айтты, Tesla-ның халықаралық кепілдігі батареяға, күштік қондырғыға, электроникаға және шанаққа беріледі.
Қазақстанда диагностика жасауға, жөндеуге, бөлшектерді ауыстыруға және бағдарламалық жасақтаманы жаңартуға болатын мамандандырылған қызметтер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, кейбір мәселелерді қашықтан шешуге болады, ал қажет болған жағдайда мобильді көшпелі қызметтер де қолжетімді.
ТЖМ мәліметінше, Cybertruck-ті пайдалану кезінде күрделі техникалық ақаулар анықталмаған. Шымбұлақтағы №23 бөлімшенің құтқарушылары мен жүргізушілеріне электрпикаппен жұмыс істеу бойынша оқу-жаттығу өткізілді. Қызметкерлерге машинаны пайдалану ерекшеліктері, жоғары вольтты жүйе, қуаттау және қауіпсіздік шаралары туралы айтылды.
Қыста қуаты тез таусыла ма?
Ведомство электрмобильдердің өзіндік ерекшеліктері бар екенін мойындайды. Мысалы, қыста жүру қашықтығы азаюы мүмкін, ал техниканың өзі қуат көздеріне тәуелді. Дегенмен ТЖМ бұл тұстар батареяның термобақылау жүйесімен, алдын ала жылыту функциясымен және автокөлікті тікелей оқиға орнында қуаттауға мүмкіндік беретін мобильді генератормен өтелетінін алға тартады.
Cybertruck-ті қуаттау Алматы ТЖД №23 әмбебап құтқару бөлімшесі аумағында ұйымдастырылған. Онда стационарлық қуаттау бекеті орнатылған.
Cybertruck басқа өңірлерде бола ма?
Әзірге Tesla Cybertruck жергілікті бюджет есебінен Алматыға бір данамен сатып алынды. Мұндай машиналарды басқа өңірлерге сатып алу мәселесі әлі қарастырылып жатыр. ТЖМ өкілдері шешім қажеттілікке, бюджетке және қолданыстағы автокөлікті пайдалану тәжірибесіне қарай қабылданатынын айтады.
Ол қандай операцияларда қолданылды?
ТЖМ Cybertruck қатысқан ең айтулы операциялардың бірі ретінде 2026 жылғы 12 ақпанда Богданович шыңы ауданында болған оқиғаны атайды.
Туристік маршрут кезінде Қытай азаматшасы соқпақтың мұз басқан бөлігінде тайып жығылып, жарақат алған. Ол жолын өздігінен жалғастыра алмағандықтан, оқиға орнына құтқарушылар жіберілді.
Фото: gov.kz
Ведомство Cybertruck-тің жол талғамайтын қасиеті мен маневрлігінің арқасында эвакуация барынша жылдам жүргізілгенін хабарлады. Зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетіліп, қауіпсіз жерге, содан кейін Алматы ауруханаларының біріне жеткізілді.
Мән-жайы
Былтыр желтоқсанда Алматы көшелерінен ТЖМ таңбасы бар Tesla Cybertruck байқалған болатын. Кейін электрпикап бюджет қаражатына сатып алынғаны белгілі болды.
Мемлекеттік сатып алулар порталындағы келісімшарт сомасы 127,5 миллион теңге болды.
ТЖМ министрлік материалдық-техникалық базаны дәйекті түрде жаңартып, "құтқару техникасының заманауи үлгілерін" зерттеп жатқанын түсіндірді.
"Материалдық-техникалық жарақтандыру аясында ТЖМ бөлімшелеріне құтқару техникасы мен жабдықтарының заманауи үлгілерін енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ведомство.
Кейін Tesla Cybertruck-тің үш рет қолданылғаны белгілі болды - таудағы эвакуациялау жұмыстары кезінде, соның ішінде бір рет қараңғы уақытта пайдаланылған.
Сонымен қатар бұл көлік төтенше жағдайлар кезінде жету қиын аудандарда "мобильді командалық-барлау пункті" ретінде пайдаланылады.
Тағы оқыңыз: Tesla Cybertruck-пен кімдер және қалай құтқарылды? ТЖМ айтып берді