Қазақстанның екі мегаполисінде бет-әлпетті тану жүйесі жұмысын бастады. Ұлттық бейнемониторинг жүйесі Қазақстанның екі қаласында іске қосылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Инновациялық жобаны Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ынтымақтастығымен әзірленген.
"Ұлттық бейнемониторинг жүйесі жасанды интеллект технологияларының қолданылуымен іздеудегі адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалдырылған заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты режимде тіркеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компьютерлік бағдарлама көлікті маркасы, моделі және түсі бойынша сәйкестендіре алады", - делінген хабарламада.
"Ақылды" камералардың назарында теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақүйлер, көшелер және сауда ойын-сауық орталықтары сияқты нысандар бар.
"Жүйе өз тиімділігін көрсетті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік туды.
Бейне-талдау жүйесінің көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталып ұсталды. Осыған ұқсас жұмыс Алматыда жүргізіліп жатыр. Онда осындай 30 адам анықталып құрықталды".
Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді қолданылатыны айтылды. Қазақстан үздік тәжірибелерді игеріп, осы әлемдік үрдістің бір бөлігіне айналып жатыр. Алдағы уақытта камералар санын ұлғайта отырып, бейнемониторингті кеңейту жоспарланып отыр. Бұл кезең кезеңімен жүргізіледі.
Айта кетейік, бүгінде меншік түріне қарамастан елімізде 1 миллион 359 мың бейнекамера бар, оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары және полицияның кезекші бөлімдеріне шығарылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!